Сандық дәуірдегі медиасауаттылық – бұл неге маңызы?
XXI ғасырдың адамы болу – толассыз ақпарат әлемінде өзімізді медианың құралына емес, медианы өзіміздің құралымызға айналдыра білу. Біреулер үшін медиа әлемінде адаспай керек ақпаратты табудың өзектілігі жоқ болса, енді біреулері үшін дамыған заманда медиалық сауаттылығын арттыру ең маңызды қабілет болып табылады. Медиасауатты адам болу - заман талабы десем артық болмас. Себебі, шынында да миллиондаған ақпарат өмірімізді билеген заманда медиалық сауаттылық аса маңызды болып табылады. Медиасауатты болудың өзектілігі – дұрыс мағлұмат пен бұрыс мағлұматтың ара-жігін ажырата білуде, қазіргі заманның технологияларын дұрыс мақсатта қолдана білуде жатыр.
Дамыған дәуірде өмір сүру бізге әртүрлі әлеуметтік желілерді еркін қолдануға, еркін пікір білдіруге мүмкіндік беріп жатыр. YouTube, Instagram, Facebook сынды желілерде контент құрып жатқандардың саны қаншама. Біріншіден, медиа сауаттылық тақырыбын тереңінен оқып, зерттеу арқылы біз өзге ағымдағы контенттерден іргемізді аулақ ұстар едік. Яғни, қандай да бір ағымдағы жалған ақпар тарататын сайттарға кірмес едік. Жалған мәлімет адамның қоршаған орта жайлы көзқарасын өзгерте білетін қауқарға ие. Сондықтан да, күніне 2,5 квинтиллион байттан тұратын деректердің ішінен ең керектісін сұрыптап алуда медиалық сауаттылықтың маңызы зор.
Екіншіден, медиасауаттылық адамдарды алаяқтардың құрбанына айналуының алдын алады. Көптеген ғаламтордағы алаяқтар адамдарды алдап, қаражатын ұрлап, сан соқтырып кетіп жатқаны баршамызға мәлім. Егер біз алаяқтардың жалған ақпаратымен шынайы деректі салыстыра білсек, өмірімізге хакер атаулылардың кіруіне тосқауыл қоя алатын едік.
Үшіншіден, жастар, яғни Z ұрпақ уақыттарының көп бөлігін теледидардың немесе компьютердің алдында өткізуде. Пайдасыз контент жастардың өміріне ендеп алмасы үшін оларды мектепте ақпаратты дұрыс пайдалана білуге үйретудің маңызы зор. Мәселен, кейбір балалар медианың кемшіл тұстарынан хабарсыз болғандықтан, әртүрлі кері бағыттағы ойындарды ойнауға құмар бола бастады.
Қорытындылай келе, медиасауаттылықтың цифрлық қоғамда аса маңызды екендігіне дау жоқ. XXI ғасыр тұрғындарын медиасауатты тұрғындарға айналдырсақ, өміріміздегі медиа мен ғаламтор әлемінде туындап жатқан мәселелерден арылатын едік.